Қызылорда облысында полицейлер 2012 жылы жасөспірімнің өліміне байланысты қылмысты ашты. Бұл туралы Qandastar.kz сайы Ішкі істер министрлігіне сілтеп мәлімдеді.
Қайғылы оқиға 2012 жылдың қазан айында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде болған. Жастар арасындағы топтық төбелес кезінде жасөспірім пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Оқиғадан кейін төбелеске қатысы бар азаматтардың барлығы тексерілгенімен, нақты дәлелдер мен куәгерлердің болмауына байланысты іс ұзақ уақыт бойы ашылмай келген.
Биыл тергеу-жедел тобының жүргізген тыңғылықты жұмысының нәтижесінде негізгі куәгер анықталып, оқиғаның мән-жайы толық белгілі болды. ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, жедел іздестіру шаралары барысында күдікті анықталған.
Белгілі болғандай, ол сол кездегі төбелеске қатысқан азаматтардың бірі. Қазіргі уақытта күдікті басқа ауыр қылмыс үшін жазасын өтеп жатыр. Тергеу амалдарын жүргізу үшін ол Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілген.
Тергеу барысында жиналған дәлелдер негізінде күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа жастар арасындағы жанжал мен өзара араздық себеп болған. Қазір күдікті қамауда, қылмыстық іс сотқа жолданған.
ІІМ өкілдері бұрын ашылмаған қылмыстарды тергеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.