Қызылорда облысында хирургиялық отадан кейін науқастың денесінде дәке тампоны қалып қойған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты хабарлады.
Сот мәліметінше, әйелге алғашында кистаны алып тастау үшін операция жасалған. Алайда арада екі ай өткен соң оның денсаулығына байланысты мәселелер туындап, басқа медициналық мекемеге қайта барған.
Дәрігерлер сол жерде қайта ота жасап, бұрынғы хирургиялық араласу аймағынан қалып қойған дәке тампонын алып шыққан.
Отадан кейін науқас ұзақ уақыт ауырсынудан зардап шегіп, жарасы асқынған. Қабыну пайда болып, оған тұрақты түрде таңу жасау қажет болған. Кейін әйел қайта операцияның шығынын өз қалтасынан төлеген.
Істі қарау барысында медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті органның тексеру нәтижелері де ескерілген. Тексеру кезінде операция жасау және кейінгі бақылау кезінде бірқатар талаптың сақталмағаны анықталған.
Сот ұсынылған дәлелдерді зерттеп, медициналық ұйымның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келген.
Нәтижесінде медициналық мекемеден әйелдің пайдасына материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу үшін 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты.