Мазмұнға өту
qandastar.

«Қызылжар» футбол клубының жаңа бас бапкері тағайындалды

Бақытжан Мұса · · 120 қаралым
«Қызылжар» футбол клубының жаңа бас бапкері тағайындалды

Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубының жаңа бас бапкері болып беларусьтік маман Виталий Жуковский тағайындалды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Клубтың мәліметінше, Жуковский футболшылық мансабында Беларусьтің БАТЭ сапында ел кубогын жеңіп алып, ұлттық чемпионаттың күміс жүлдегері атанған.

Бапкер ретінде ол Ислочь командасын Жоғары лигаға шығарып, Беларусь тарихындағы ең жас бас бапкер атанды. Қазақстандық жанкүйерлерге ол Атырау клубымен Қазақстан кубогының финалына дейін жетуі арқылы таныс.

Жаңа бас бапкермен бірге жаттықтырушылар штабына көмекші бапкер Павел Плют, дене даярлығы жөніндегі маман Андрей Мисюк және бапкер-аналитик Біржан Хабит қосылды.

Еске салсақ, бұған дейін «Қызылжардың» тізгінін ұстаған сербиялық Милич Чурчич қызметінен кеткен болатын. Ол команданы 2025 жылдың сәуірінен бері жаттықтырған еді.

Қазіргі уақытта «Қызылжар» Қазақстан Премьер-лигасында 17 матчтан кейін 15 ұпаймен турнир кестесінің 12-орнында тұр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp