Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент жариялаған тоғыз стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым және донат жинау үшін тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Мұндай контентті кәмелетке толмаған балалардың да көргені ерекше алаңдаушылық туғызады.
Астанада TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған 37 жастағы әйел эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқаны үшін айыппұл арқалады.
Ал Алматыда 32 жастағы ер адам тікелей эфир кезінде айналасындағыларды балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ең даулы оқиғалардың бірі Шымкентте тіркелді. 20 жастағы азамат көрермен жинау мақсатында эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танылған тұрғын бірнеше рет заңға қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ өңірде екі TikTok қолданушысының донат пен аудитория тарту үшін эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» жасағаны анықталып, екеуі де жауапкершілікке тартылған.
[video width="640" height="352" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/07/IMG_1479.mp4"][/video]
Ішкі істер министрлігі анонимді аккаунттың тасасында қалып қоямын деп ойламауға шақырды. Ведомствоның мәлімдеуінше, құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға қажетті техникалық мүмкіндіктер бар.