Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында өмірді кейінге қалдырмай, дәл қазір өзгертуге көмектесетін маңызды ойларымен бөлісті, дейді Qandastar.kz Оның айтуынша, бақытты әрі мағыналы өмір сүру үшін белгілі бір жасқа жетуді күтудің қажеті жоқ.
Тележүргізуші ең алдымен қорқынышпен күресудің жолын әрекеттен бастау керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, сенімділік әрекеттен кейін қалыптасады, сондықтан алғашқы қадамды жасаудан қорықпау қажет.
Сондай-ақ ол достық қарым-қатынасты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Жақын адамдарға тек қиын сәттерде ғана емес, күнделікті өмірде де хабарласып, көңіл бөліп тұру керек. Уақыт бөлінбеген қарым-қатынас біртіндеп әлсірейді.
Бақытты болудың бір жолы ретінде Ләйлә Сұлтанқызы әр кеш сайын өз-өзіңе: «Бүгін мен шын мәнінде өмір сүрдім бе, әлде уақыт өткізумен ғана шектелдім бе?» деген сұрақ қоюды ұсынды.
Жалғыздық сезімі мазаласа, жаңа адамдармен танысып, алғашқы қадамды өзің жасауға кеңес береді. Көп жағдайда адамдар жалғыздықтан емес, біреудің бастама көтеруін күтіп жүріп қиналады.
Қаржылық жағдайды жақсарту үшін шағымданудан гөрі жаңа дағдыларды меңгеріп, қосымша табыс көздерін іздеуге назар аудару қажет. Оның айтуынша, табыс көбіне әрекет пен ізденістің нәтижесінде келеді.
Шаршау сезімі жиі мазаласа, оның нақты себебін анықтап көру керек. Кейде адам физикалық тұрғыдан емес, өзіне ұнамайтын өмір салтынан шаршайды.
Сондай-ақ тележүргізуші армандарды кейінге қалдырмай, нақты жоспар құруға шақырды. Саяхаттағың келсе немесе бір мақсатқа жетуді қаласаң, қолайлы уақытты күтпей, нақты қадам жасау маңызды.
Ол ренішті ұзақ уақыт бойы іште сақтамауға, жақын адамдармен ашық сөйлесуге, кешіруге немесе мәселені біржола жабуға кеңес берді. Өткеннің ауыртпалығын арқалап жүру адамның өзіне зиян келтіретінін айтты.
Отбасылық қарым-қатынасқа да ерекше назар аударған ол жұбайлар күн сайын кем дегенде 15 минут телефонсыз отырып, бір-бірімен ашық сөйлесуі керек екенін жеткізді. Ал балалар үшін ең құнды нәрсе материалдық сыйлықтар емес, ата-анасының уақыты мен назары екенін еске салды.
Сөз соңында Ләйлә Сұлтанқызы ата-ананың қадірін тірі кезінде бағалап, оларға жиі хабарласып тұруға шақырды. Оның пікірінше, бүгін уақыт бөлмеген дауыс бір күні ең қатты сағынатын үнге айналуы мүмкін.