Заң қызметтерін көрсету кезінде сотталушы екі азаматтан жалпы 27 млн теңге алған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол 7 және 20 млн теңгені олардың мәселесін лауазымды адамдар арқылы шешіп беруге жұмсайтынын айтқан. Алайда әйелдің мұндай ниеті болмағаны анықталған.
Сот әйелді аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және пара беруге айдап салғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алғашқы сот шешімінде азаматтарға келтірілген материалдық шығынды өтеу де қарастырылған.
Іс кассациялық сатыға жетіп, сотталған әйелдің кінәсі мен оған тағайындалған жаза негізді деп танылды. Алайда ақшаға қатысты сот актілеріне өзгеріс енгізілді.
Сот екі азаматтың берген қаражатының кейін параға арналғанын білгенін анықтады. Осыған байланысты олар жәбірленуші және азаматтық талапкер мәртебесінен айырылып, олардың пайдасына 27 млн теңге өндіру туралы шешімнің күші жойылды.
Нәтижесінде пара ретінде беруге арналған 27 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.