Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ақорда мәліметінше, кездесуде Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін дамытуда өңіраралық ынтымақтастықтың маңызы атап өтілді.
Президент Ленинград облысының өнеркәсіп пен көлік-логистика салаларындағы әлеуетіне тоқталып, Қазақстанның осы өңірмен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Екі өңір арасындағы сауда көлемі 400 миллион доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Ленинград облысы арасындағы тауар айналымы осындай деңгейге жеткен.
Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі сөз болды.
Өз кезегінде Александр Дрозденко Мемлекет басшысына қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинградты қорғауға қатысқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігін де ерекше атап өтті.