Мазмұнға өту
qandastar.

Маман вакцина мен аутизм арасында байланыс жоқ екенін түсіндірді

Бақытжан Мұса · · 1 218 қаралым
Маман вакцина мен аутизм арасында байланыс жоқ екенін түсіндірді

Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист Динагүл Баешева вакцинацияға қатысты кең таралған қате пікірлерге түсініктеме берді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Министрлік мәліметінше, кейбір ата-аналар аутизмді екпемен байланыстырады. Олар баланың дамуындағы өзгерістер вакцинадан кейін байқалғандықтан, соның салдары деп ойлайды.

Алайда мамандар мұндай пікірдің ғылыми негізі жоқ екенін айтады. Көптеген ірі зерттеулердің нәтижесі бойынша, аутизм мен вакцинация арасында ешқандай себеп-салдар байланысы анықталмаған.

Дәрігерлердің түсіндіруінше, аутизм белгілері көбіне 1,5–2 жас шамасында, яғни ревакцинация кезеңінде байқалады. Бірақ бұл тек уақыт бойынша сәйкес келу ғана.

Маманның айтуынша, уақыттың сәйкес келуі себеп бар дегенді білдірмейді. Аутизм бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады және ол ми дамуының ерекшеліктері мен генетикалық факторларға байланысты. Ал вакциналар бұл үдерістерге әсер етпейді, керісінше қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайды.

Министрлік өкілдері дәрігерлер күн сайын қызылша, көкжөтел сияқты алдын алуға болатын аурулардың ауыр зардаптарын көретінін атап өтті. Кей жағдайларда көмек көрсету тым кеш болады.

Сондықтан мамандар вакцинацияны қауіп емес, тиімді қорғаныс шарасы ретінде қарастыру қажет екенін ескертеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp