Мазмұнға өту
qandastar.

МӘМС қаржысына қатысты 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Малика Хамит · · 70 қаралым
МӘМС қаржысына қатысты 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңсыз қаржы алу схемаларын әшкереледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу барысында шамамен 140 мың азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелгені және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтердің енгізілгені анықталған.

Қазір осы фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.

Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметінше, МӘМС аясында бөлінген қаражат қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 501 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Іс бойынша екі күдікті қамауға алынды.

Астанада жеке клиника басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы азаматтарды заңсыз тіркеуге көмектескені үшін 3 жылға сотталған. Тергеу мәліметінше, клиникаға 15 мыңнан астам адам заңсыз тіркеліп, жалған медициналық қызметтер арқылы 79 млн теңге рәсімделген.

Ал Алматы облысында екі стоматологиялық клиниканың басшысы көрсетілмеген қызметтерді рәсімдеп, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтіргені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету дерегі анықталған.

Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС қаражатын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp