Маңғыстау облысында 45 млрд теңгеге бағаланған мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығарған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Схемаға қатысушылар өнімнің құжаттарын қолдан жасап, оны Ақтау порты арқылы танкерлермен шетелге жөнелтіп отырған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Тергеу дерегінше, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикі мұнай сатып алып, оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеуге келісімшарт жасаған.
Кейін мұнай өнімдеріне жалған сапа паспорттары рәсімделіп, тауар пеш отыны ретінде көрсетілген. Осылайша өнім Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған.
2019–2023 жылдары тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы құны шамамен 45 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Қылмыстық іс аясында күдіктілердің активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және басқа да мүлік тәркіленген. Сонымен қатар заңсыз табыс пен төленбеген салықтар есебінен мемлекет қазынасына 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген кәсіпкер халықаралық іздеуге жарияланған.