Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексерудің алғашқы нәтижелері жарияланды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссия жұмысының қорытындысы баяндалды.
Тексеріс барысында Қарулы күштерде бірқатар жүйелік мәселе бары анықталған. Атап айтқанда, әскери іс-шараларды жоспарлау, қауіпсіздік талаптарын сақтау, әскери тәртіп пен жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысына қатысты кемшіліктер тіркелген.
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға жүргізілген зерттеу кезінде оқу-жаттығуларды ұйымдастыруда тәуекелдерді бағалау, десант түсіру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елеулі қателіктер жіберілгені анықталды.
Осы іске байланысты тергеу жалғасып жатыр. Қолбасшылық құрамның әрекетіне қатысты бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдардағы заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған. Олардың қатарында мемлекет мүлкін талан-таражға салу және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері бар.
Әскердегі әлімжеттік пен жарғы талаптарын бұзу жағдайлары да анықталған. Бұл фактілер бойынша да қылмыстық істер қозғалған.
Тоқаев әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заң аясында жауапкершілікке тартылуы керек екенін айтты. Президент бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тексеру қорытындылары Қарулы күштерді реформалау жоспарына енгізілуі тиіс.
Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.