Маңғыстау облысында Бекет ата жер асты мешітіне барғаннан кейін байланысқа шықпай қалған үш азаматты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Оқиғаға қатысты мәліметке сәйкес, 2 шілде күні 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова Great Wall көлігімен Бекет ата мешітіне қарай жолға шыққан.
Сол күні сағат 16:15 шамасында олар WhatsApp арқылы мешіт аумағынан видео жіберіп, соңғы рет байланысқа шыққан. Осыдан кейін үш азаматпен байланыс үзілген.
Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстарына полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, "Охотзоопром" РМК өкілдері және басқа да жедел қызметтер тартылған. Іздеу бірнеше бағыт бойынша, тікұшақтар мен арнайы техниканың көмегімен жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар еріктілер өңір тұрғындарын іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырып, әсіресе дрон арқылы әуеден бақылау жасай алатын азаматтардың көмегіне мұқтаж екенін жеткізді.