Маңғыстау облысында балық жеген төрт адамнан кейіннен улану белгілері байқалып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Олардың арасында 9 жастағы бала бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үш ересек адам мен бір балада ботулизм белгілері анықталған. Үш ересек Мұнайлы ауданынан, ал бала 9 жас 10 айлық.
Науқастар 17 қыркүйек күні отбасылық шара кезінде балық жеген. Мамандардың айтуынша, өнім тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған.
Келесі күні кешке олардың жағдайы нашарлай бастаған. Науқастар жүрегі айнып, құсып, әлсіздік пен бас айналу белгілеріне шағымданған. Сонымен қатар көру қабілеті мен сана-сезімінде бұзылыстар болған.
19 қыркүйекте төртеуі де медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қазір барлығы жасанды тыныс алу аппараттарына қосылған.
Науқастарға қажетті ем жүргізіліп, оның ішінде арнайы ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.