Бүгін Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қаралы рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мүшелері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері және марқұмдармен қызметтес болған азаматтар қатысты.
Жиын барысында қатысушылар қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталып, жаназа және жерлеу рәсімдері өткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен материалдық қолдау көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ жаназа және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажетті көмек берілуде.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы қор құрған. Жинақталған қаражат отбасыларға атаулы әрі ашық түрде, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауымен бағытталатыны хабарланды.
Маңғыстау облысының әкімдігі қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасатынын жеткізді.