Маңғыстау облысында 21 маусым күні Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы азаматтың мәйіті бірнеше күндік іздеу жұмыстарынан кейін табылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қайғылы жағдай Ақтау қаласынан 56 шақырым қашықтағы жабдықталмаған жағалау аумағында болған. Іздеу-құтқару жұмыстарына теңіздегі қатты дауыл кедергі келтіріп, сүңгуірлер суға тек ауа райы жақсарғаннан кейін ғана түскен.
Азаматты іздеуге Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, сүңгуірлер, Ұлттық ұлан мен Әскери-теңіз күштерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Құтқару операциясы барысында арнайы техника, жүзу құралдары және суасты дроны пайдаланылды.
Құтқарушылардың мәліметінше, ер адамның денесі 26 маусым күні сағат 18:30 шамасында табылған. Теңіз ағысы мәйітті оқиға болған жерден шамамен 65 шақырым қашықтыққа, демалыс орындарының біріне жақын аумаққа алып кеткен.
Бұған дейін Каспийде суға батып бара жатқан баланы құтқаруға әрекет жасаған MMA спортшысы Медет Жээналиевтің қаза тапқаны хабарланған болатын.