Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімі жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қайғылы оқиға бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкіметтік комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайын тергеп-тексеруде. Комиссия құрамына бірқатар министрліктің басшылары, Маңғыстау облысының әкімі, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтауды және марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.