Маңғыстау облысында Каспий теңізінде жоғалған азаматты іздеу жұмыстары төртінші тәулік бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, 1999 жылы туған ер адам арнайы жабдықталмаған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен.
Қазіргі уақытта құтқарушылар теңіз акваториясы мен жағалау аумағын тексеруді тоқтатпай жүргізуде.
Іздестіру-құтқару операциясы қолайсыз ауа райы мен теңіздегі қатты толқынға қарамастан жалғасуда. Мамандардың айтуынша, су астындағы көрінудің төмендігі, теңіз ағысы және зерттелетін аумақтың кең болуы жұмыстарды қиындатып отыр.
Іздестіру шараларына 40-тан астам маман тартылған. Сонымен қатар жүзу құралдары, арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сүңгуірлік жабдықтар мен авиация қолданылуда. Операцияға Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен бірге Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, полиция және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Құтқарушылар іздеу жұмыстарын су бетінде, жағалау бойында және әуеден жүргізіп жатыр. Операция жалғасуда.
ТЖМ тұрғындар мен өңір қонақтарын судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға, тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.