Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын Үкіметтік комиссия тексеріп жатыр.
24 қыркүйек күні кешке Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша тіркелген.
Тергеу жүргізу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Мамандар қажетті сараптамаларды тағайындап, тергеу және жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қанат Бозымбаев оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, кінәлі тұлғаларға қатысты заң аясында шара қабылдауды тапсырды.
Жиында қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмек мәселесі де талқыланды. Бозымбаевтың мәліметінше, мемлекет тарапынан заңда көзделген әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де отбасыларға қаржылай көмек беруге ниет білдірген. Олардың бірі әр қаза болған әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлген.
Бұдан бөлек, бірқатар ірі бизнес өкілдері де көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.
Қаражаттың отбасыларға толық әрі ашық жеткізілуін бақылау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігіне тапсырылды.
Ал оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын және қажетті ем алып жатқанын хабарлады.
Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.