Мазмұнға өту
qandastar.

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты тараған фейктер жоққа шығарылды

Бақытжан Мұса · · 53 қаралым
Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты тараған фейктер жоққа шығарылды

Маңғыстауда әскери қызметшілер қаза болған қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен бұрмаланған бейнематериалдардың таралуына себеп болды. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысы жоқ бұрын түсірілген бейнелер, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалған контент жарияланып жатыр. Сонымен қатар қаза болған әскери қызметшілер мен олардың жақындарының қайғысын пайдаланып, түрлі болжамдар мен расталмаған мәліметтер таралуда.

Мамандар бірнеше жалған ақпаратты жоққа шығарды. Соның бірі – қаза болғандардың нақты саны жасырылып жатқаны туралы мәлімдеме. Ресми дерек бойынша, іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін 14 әскери қызметшінің қаза болғаны белгілі болды.

Сондай-ақ әскери қызметшілер тікұшақтан десантталды деген ақпарат тараған. Тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілер катерді пайдаланып тапсырма орындаған. Оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және жауапты тұлғалардың әрекеттері қазір тергеліп жатыр.

Әскери қызметшілермен бірге қаза болған тікелей командирдің мас күйінде болғаны туралы ақпарат та расталған жоқ. Орталық мұндай мәлімдемелерді нақты дерекпен расталмаған ақпарат ретінде бағалады.

Бұдан бөлек, бұрын түсірілген бейнематериалдың қаза болған әскери қызметшінің денесін тасымалдау сәті ретінде таратылғаны анықталды. Автомобиль бейнеленген видео қайғылы оқиғаға дейін, тамыз айында жарияланған.

Каспий теңізінің жағалауында түсірілді деп тараған тағы бір видеоның Маңғыстауға қатысы жоқ болып шықты. Бейнематериал Марокконың Танжер қаласында түсірілген.

Орталық «мемлекет ешқандай тергеу жүргізіп жатқан жоқ» деген ақпараттың да шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Сонымен қатар Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі жеке комиссия құрылды. Комиссия әскери бөлімдердегі жұмыстың ұйымдастырылуына, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге баға беруі тиіс.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды ақпаратты бөліспес бұрын оның дереккөзін және шынайылығын тексеруге шақырды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылған. Мұндай ақпарат онлайн-платформалар арқылы таратылған жағдайда, заңда үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp