Мазмұнға өту
qandastar.

Мәскеудегі мейрамханада болған жарылыстан үш адам қаза тапты

Бақытжан Мұса · · 83 қаралым
Мәскеудегі мейрамханада болған жарылыстан үш адам қаза тапты

Мәскеудегі мейрамханалардың бірінде болған жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 20-дан астам адам жарақат алды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Ресейдің Ұлттық терроризмге қарсы комитетінің мәліметінше, жарылыс Кудринская алаңындағы мейрамханада болған. Алдын ала дерек бойынша, қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылған.

Ведомствоның хабарлауынша, оқиға салдарынан үш адам көз жұмған. Олардың қатарында күдікті әйелді ғимаратқа кіргізбей тоқтатқан күзетші, жарылғыш затты алып келген деп болжанған әйел және мейрамхана келушілерінің бірі бар. Сонымен қатар 21 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал «Коммерсант» басылымының мәліметінше, аталған дерек бойынша «Террористік акт» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Басылымның жазуынша, күзет қызметкері мекемеге қорап алып кірмек болған әйелді тексермек болған сәтте жарылыс болған. Алдын ала болжам бойынша, жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылған. Сондай-ақ сәлемдемені жеткізген адамның оның ішінде жарылғыш зат болғанын білмеуі мүмкін екені айтылуда.

Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылғыш құрылғының қуаты шамамен бір килограмм тротил эквивалентіне тең болған және оның ішіне металл шарлар салынған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp