Қазақстанда мәслихат сайлауына қатысатын кандидаттардың сайлауалды науқанына жұмсалатын шығындардың мөлшері белгілі болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Орталық сайлау комиссиясы әр деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлерге бюджеттен бөлінетін қаражат көлемін бекітті.
Қаржы үш негізгі бағытқа жұмсалады: сайлауалды бағдарламаны жариялауға, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге және көлік шығындарын өтеуге.
Кандидаттарға қанша теңге беріледі?
Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының кандидаттарына:
- Теледидар мен радиода сөйлеу, сондай-ақ екі мақала жариялау үшін – 410 мың теңге;
- Сайлауалды іс-шаралар мен үгіт материалдарына – 180 мың теңге;
- Көлік шығындарына – 110 мың теңге.
Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлерге:
- Ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға – 400 мың теңге;
- Үгіт-насихат жұмыстарына – 170 мың теңге;
- Көлік шығындарына – 80 мың теңге.
Аудандық мәслихат кандидаттарына:
- Сайлауалды бағдарламаны таныстыру мен екі мақала жариялауға – 290 мың теңге;
- Сайлауалды іс-шаралар мен үгіт материалдарына – 130 мың теңге;
- Көлік шығындарына – 80 мың теңге.
Ең көп қаржы кімге бөлінеді?
Бекітілген мөлшер бойынша, ең жоғары шығын көлемі Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының кандидаттарына қарастырылған. Үш бағыт бойынша олардың шығыны 700 мың теңгені құрайды.
Қалалық мәслихат кандидаттарына жалпы 650 мың теңге, ал аудандық мәслихат үміткерлеріне 500 мың теңге қарастырылған.
Айта кетейік, мәслихат сайлауы 29 қарашада өтеді.