Франция құрамасы АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
1/8 финал аясындағы кездесу АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы "Линкольн Файненшел Филд" стадионында өтті. Матчқа Өзбекстаннан келген төрешілер бригадасы, бас төреші Илгиз Танташев жетекшілік етті.
Кездесудің тағдырын Франция капитаны Килиан Мбаппенің дәл орындаған пенальтиі шешті. Ол 70-минутта есеп ашып, командасына 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.
Бұл гол Мбаппе үшін 2026 жылғы әлем чемпионатындағы жетінші нәтижелі соққы болды. Осылайша ол әлем чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде Лионель Мессиге бір қадам жақындай түсті. Қазіргі таңда Мессидің еншісінде – 20, ал Мбаппеде – 19 гол бар.
Сонымен қатар француз шабуылшысы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіндегі голдар санын 11-ге жеткізіп, осы көрсеткіш бойынша өз рекордын жаңартты.
Франция құрамасы турнирдегі бесінші жеңісіне қол жеткізіп, ширек финалға шықты. Енді команда 10 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де Марокко құрамасына қарсы ойнайды.