Мазмұнға өту
qandastar.

Механизатордан дәрігерге дейін: Тоқаев кімдерге награда табыстады

Малика Хамит
Механизатордан дәрігерге дейін: Тоқаев кімдерге награда табыстады

Тоқаев Республика күні қарсаңында 2 мыңнан астам азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Олардың қатарында жұмысшылар, дәрігерлер, ұстаздар, еңбек ардагерлері және кәсіпкерлер бар.

Мемлекет басшысы марапаттау рәсімінде адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді.

Президент елорданы көгалдандыруға үлес қосқан мамандардың еңбегін де атап өтті. Атап айтқанда, «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлы «Құрмет» орденімен марапатталады. Ал «Астана орманы» ұйымының қызметкері Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын да атап өтті. Оның сөзінше, көшелердің тазалығы, ағаштар мен гүлдердің көптеп отырғызылуы және табиғатқа қамқорлық жасау – елдің көркеюіне тікелей әсер ететін ортақ міндет.

«Бұл – жалпыұлттық қозғалыс», – деді Президент.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады. Ол ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан бері еңбек етіп, жинаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.

Бұдан бөлек, медицина саласының өкілі Анар Әбдіқұлова мен ұстаз Сәлима Жұмамұратова «Шапағат» медалімен марапатталады. Ал қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтарға «Ел бірлігі» ордені табысталады.

Президенттің мәліметінше, мемлекеттік наградаларға ұсынылғандардың арасында 270-ке жуық білім және ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкері, 473 жұмысшы мамандығының өкілі, 129 еңбек ардагері және 200-ден астам шағын және орта бизнес өкілі бар.

Мемлекет басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегі елдің дамуы мен қоғамның өркендеуіне қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp