Мазмұнға өту
qandastar.

Мектеп бітіру кештерін өткізуге жаңа талаптар енгізілді

Бақытжан Мұса · · 771 қаралым
Мектеп бітіру кештерін өткізуге жаңа талаптар енгізілді

Еліміздегі мектептерде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Министрліктің мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы тәмамдайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

Сондай-ақ 9-сыныпты 31 мыңнан астам оқушы үздік аяқтайды деп күтілуде. Ал 11-сынып бойынша 18 мыңға жуық оқушы үздік аттестатқа үміткер. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог қызмет атқарады.

Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады. Бұл шара барысында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен есте қалған сәттері айтылып, жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі таныстырылады.

Сонымен қатар министрлік мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты шараларды білім ордаларынан тыс жерде өткізуге болмайтынын ескертті.

Ведомствоның хабарлауынша, ата-аналардан немесе оқушылардан ақша жинауға, сыйлықтар мен басқа да материалдық құндылықтар талап етуге рұқсат етілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімі тек оқу орындарының қабырғасында өткізіледі.

Министрлік пен жергілікті әкімдіктердің бірлескен бұйрығы мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидаларын нығайтуға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp