Ақтөбе облысында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу схемасы арқылы мемлекет қазынасынан 82 миллион теңгеден астам қаржы жымқырылған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Заңсыз әрекетке білім ордасының үш бухгалтері қатысқан.
Шалқар ауданындағы №5 мектеп-лицейінің бас бухгалтері екі әріптесімен сөз байласып, 2021–2024 жылдары бюджет қаражатын иемденген. Олар мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын негізсіз көбейтіп отырған.
Ал қызметкерлердің шотына артық аударылған ақша кейін қолма-қол шешіліп, бухгалтерлерге қайтарылған. Осылайша, қомақты қаражат заңсыз айналымға түскен.
Қылмыстық істі қараған Шалқар аудандық соты үш адамды кінәлі деп таныды. Бас бухгалтер 8 жылға, ал оның екі сыбайласы 7 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сотталғандардың барлығына 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда кәмелетке толмаған балалары бар болғандықтан, сот жазаны өтеуді кейінге қалдырған.
Бұл туралы аудан прокуратурасы хабарлады.