23-30 қыркүйек аралығында Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушылары алғашқы аралық бағалаудан өтеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл бағалау оқушылардың оқу бағдарламасының өткен бөлімдерін қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік береді.
2026-2027 оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Олар бірін-бірі толықтырып, баланың оқу барысындағы жетістігі мен ілгерілеуін бақылауға бағытталады.
Аралық бағалау пәнге қарай әртүрлі форматта өтеді:
Қазақ тілі немесе орыс тілі – диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының сауатты жазуы мен мәтінді түсінуі тексеріледі;
Әдебиеттік оқу – шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығы бойынша тапсырмалар. Мұнда мәтіннің негізгі ойын түсінуі және өз ойын жүйелі жеткізуі ескеріледі;
Математика – бақылау жұмысы. Оқушының есептеу қабілетімен қатар, есептің шартын түсінуі, дұрыс шешу жолын таңдауы және жауабын негіздей алуы бағаланады.
Бір аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары балл сыныпқа қарай өзгереді: 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балл.
Ал формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Мұғалім әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде жартысын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша қойылады.
Сонымен қатар, арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының каллиграфиясы, яғни жазу ерекшелігі үшін бағасын төмендетуге болмайды.
Ал 1-сынып оқушыларына балдық бағалау қойылмайды.
Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – баланы тек баға арқылы бағалау емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтап, ілгерілеуін бақылау және қай бағытта көмек қажет екенін көрсету. Яғни бағалау оқушының дамуына ықпал ететін кері байланыс құралы ретінде қарастырылады.