Мемлекет басшысы Қазақстандағы тегін медициналық қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтарға көрсетілетін тегін медициналық көмектің түрлері мұнымен шектелмейді. Бұд туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президент «Қазақстан халқына» қорының қызметіне де назар аударды. Қор әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға және көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіп келеді.
Сонымен қатар әлеуметтік салада, оның ішінде мүгедектікті белгілеу кезінде заң талаптарын бұзу фактілеріне жол бермеу қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталуы маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бала дүниеге келгеннен кейін ата-аналарға берілетін әлеуметтік кепілдіктерге тоқталды. Атап айтқанда, анаға бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға және заңда көзделген жағдайда жұмыс орнының сақталуына мүмкіндік берілген.
Мемлекет басшысы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету шарасын да атап өтті. 1-4 сынып оқушылары отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан тегін тамақпен қамтылады. Тамақтану талаптарына сәйкес, таңғы және түскі ас баланың тәуліктік тағамдық қажеттілігінің шамамен 40 пайызын өтеуі тиіс.
Сонымен қатар мектеп мәзірінен шұжық, фастфуд және газдалған сусындар сияқты зиянды тағамдарды алып тастау, сондай-ақ қант пен тұз мөлшерін азайту шаралары жүзеге асырылған.
Президент есту қабілеті бұзылған балаларды арнайы құрылғылармен тегін қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, шетелден әкелінетін мұндай аппараттардың отандық өндірісін жолға қою қажет.
Мемлекет басшысы Үкіметке Құрылтай және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жеңілдіктердің нақты мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен шынайы көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуы керек.