Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы Ерсайын Нағаспаевты ұжымға таныстырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Үкімет басшысы компанияның алдында тұрған негізгі міндеттерді атап, басшылыққа нақты талап қойды.
«Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, ҚТЖ елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан жаңа басшылық транзиттік тасымал көлемін көбейтіп, теміржол инфрақұрылымын дамытуы және компания жұмысын тиімді етуі керек.
Бектенов кадр мәселесіне де ерекше тоқталды. Ол әр қызметкердің міндеті нақты болуы керектігін айтып, мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, басшылардың жеке жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
Ерсайын Нағаспаевтың теміржол саласында тәжірибесі бар. Ол бұған дейін «Қазақстан темір жолында» қызмет атқарған, ал 2025 жылдың ақпанынан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарды.
Жаңа басшылыққа бірқатар ірі жобаны уақытында аяқтау міндеті де жүктелді. Атап айтқанда, биыл «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысын аяқтау көзделген. Ал «Бақты – Аягөз» желісін келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, отандық локомотивтер мен вагондар өндірісін қолдау, жүк тасымалын цифрландыру, теңіз және әуе логистикасын дамыту міндеттері де күн тәртібінде тұр.