Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдарды елдің қас жауы деп атап, олардың «Халықтық құрылыс» бағдарламасына зиян тигізуге әрекеттеніп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Сондықтан бұрынғы жетістіктерге тоқмейілсіп, жұмысты босаңсытуға болмайды.
«Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде „Халықтық құрылыс“ бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз», – деді Президент.
Тоқаев бағдарлам аясында салынатын барлық әлеуметтік нысанның сапасына ерекше мән беру керектігін атап өтті. Оның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері бар.
Мемлекет қаржысының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия бақылайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
Президент бұл жұмыста Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары басты бағдар болатынын жеткізді.
Мемлекет қаржысының жұмсалуын арнайы комиссия бақылайды – Тоқаев