Мазмұнға өту
qandastar.

Мемлекетке 128 млрд теңге қайтарылды: Тоқаев бас аудитордың есебін тыңдады

Малика Хамит · · 46 қаралым
Мемлекетке 128 млрд теңге қайтарылды: Тоқаев бас аудитордың есебін тыңдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты қабылдап, Жоғары аудиторлық палатаның 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов осы кезеңде жалпы құны 5,8 триллион теңгені қамтитын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілгенін мәлімдеді.

Тексерулер жергілікті атқарушы органдарды, Проблемалық кредиттер қоры, Аграрлық корпорация, Қазпошта, Ақтау теңіз порты, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы мен бірқатар мемлекеттік мекемелерді қамтыған.

Аудит нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюдың арқасында мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылды. Сонымен қатар Үкімет пен аудит нысандарына 35 ұсыным және 413 нұсқама жолданған.

Кездесуде бюджет қаражатын басқару тетіктерін жетілдіру бағытында қабылданған өзгерістер де сөз болды. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа тәртібі енгізіліп, қазыналық бақылау күшейтілді әрі жылдың төртінші тоқсанында бюджетке өзгеріс енгізуге шектеу қойылды.

Сондай-ақ биылғы екінші жартыжылдықта тағы 20 мемлекеттік аудит аяқталады. Оның ішінде Президент тапсырмасымен Шымкент, Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облысы және фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау жүйесіне тексеру жүргізіледі. Бұдан бөлек, газ саласы, Жасыл даму, ҚазАвтоЖол, ұлттық жобалар мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да аудиттен өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруді тапсырып, бұл бағытта цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге басымдық беру қажет екенін айтты.

Бөлісу: Telegram WhatsApp