Қазақстанда мемлекеттік туды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа ереже бекітілді,деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Енді жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыра алады.
Жаңа талапқа сәйкес, жеке тұрғын үйлерде ту кемінде үш метр биіктікте ілінуі тиіс. Түнгі уақытта оны жарықтандыру міндетті емес. Ал ғимараттың техникалық немесе сәулеттік ерекшеліктері мүмкіндік бермесе, туды аумақтағы арнайы ту тұғырына орнатуға рұқсат етіледі.
Қаулыда мемлекеттік тудың жерге, еденге немесе суға тимеуі, тік ілінген жағдайда ұлттық оюдың жоғарғы бөлікте орналасуы, сондай-ақ оның таза, бүтін әрі бүлінбеген күйде болуы міндеттелген.
Сонымен қатар, туды мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда пайдалануға болады, бірақ оны коммерциялық немесе жарнамалық мақсатта қолдануға тыйым салынады.
Сондай-ақ мемлекеттік туды киім, төсек-орын, перде, дастархан, кілемше және басқа да тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға болмайды. Ал көлік құралдарының салонында қолдануға мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.