Аргенина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы жорығын сенімді жеңіспен бастады.
Құрама әлем чемпионатындағы топтық кезеңдегі алғашқы матчта Алжирді 3:0 есебімен ұтып, басты назар тағы да Лионель Мессиге ауды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кездесудің алғашқы минуттарында алжирліктер күтпеген қарқын көрсетті. Тіпті тоғызыншы минутта Фарес Чайби қақпаны дәл көздеген еді. Алайда VAR тексерісінен кейін гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Осы сәттен кейін Аргентина ойын тізгінін өз қолына алды. 18-минутта Родриго де Польдің пасынан кейін Лионель Месси алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты.
Үзілістен соң Алжир шабуылын күшейтуге тырысқанымен, аргентиналықтар қарсы шабуылда тиімді ойнады. 61-минутта Алексис Макаллистердің соққысын қақпашы қайтара алғанымен, бірінші болып жеткен Месси допты торға тоғытты.
Ал 77-минутта аргентиналық капитан матчтағы соңғы нүктені қойды. Николас Гонсалеспен әдемі комбинациядан кейін Месси үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанды.
Бұл гол тарихи мәнге ие болды. Аргентиналық жұлдыз әлем чемпионаттарындағы гол санын 16-ға жеткізіп, Германияның әйгілі шабуылшысы Мирослав Клозенің рекордын қайталады. Енді Месси келесі матчта гол соқса, әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атануы мүмкін.