2026 жылғы Милан Олимпиадасында Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен Спорт министрлігі арасындағы дау жалғасып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Спортшы Threads әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, өз атына айтылған сындарға жауап берді. Оның сөзінше, мәселе жалақы немесе елге оралудан бас тартуда емес, келісімшарттағы талаптарға байланысты туындаған.
Шайдоров 2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу міндеті көрсетілгенін айтты. Спортшы мен оның командасы бұл тармақты заңдық тұрғыдан қайта қарауды сұрағанымен, әзірге нақты жауап алмағанын жеткізді.
Сондай-ақ ол министрлік айтқан өмір бойғы мемлекеттік төлемдер туралы пікір білдіріп, мұндай төлемдерді алу үшін кемінде 20 жыл еңбек өтілі қажет екенін атап өтті. Қазіргі таңда 21 жастағы спортшы бұл қаражатқа үміт артып отырмағанын айтты.
Шайдоров жаңа маусымға дайындық мәселесі де шешілмей жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 5 маусымда басталуы тиіс оқу-жаттығу жиынына байланысты смета әлі бекітілмеген, билет те алынбаған. Сонымен қатар ақпан айынан бері медициналық қолдаусыз қалғанын жеткізді.
Спортшы егер Олимпиада алтыны үшін берілетін төлемдерді алып қойған жағдайда, дайындықты өз қаражатына ұйымдастырып, бұл мәселені жария етпейтінін айтты.
Бұдан бөлек, Михаил Шайдоровқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағының куәлігі әлі тапсырылмағаны белгілі болды. Ол бұл нормативті 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль алған кезде орындағанын атап өтті.
Сынға жауап ретінде спортшы төленбей қалған жалақысының барлығын Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы алмағанын айтып, жаңа маусымға дайындықтың кешігіп жатқанын мәлімдеген еді. Ал Спортты дамыту дирекциясы қаңтар мен ақпан айларындағы жалақы толық төленгенін, ал кейінгі кешігулер жаңа келісімшартты заңдық келісу процесімен байланысты екенін түсіндірген.