Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз әкетудің 712 әрекетінің жолын кескенін хабарлады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ведомство мәліметінше, аталған фактілер бойынша қазіргі уақытта сегіз қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тексеру барысында Маңғыстау облысында есепке алынбаған мұнайды өңдеп, дайын өнімді мазут ретінде экспортқа шығарып отырған заңсыз шағын мұнай өңдеу зауыты анықталды. Алдын ала дерек бойынша кәсіпорында 28,5 мың тоннадан астам мұнай заңсыз өңделген.
Сондай-ақ Түркістан облысында бензинді жерасты тоннелі арқылы Өзбекстанға контрабандалық жолмен тасымалдаған ұйымдасқан топқа қатысты сот үкімі шықты.
Бұдан бөлек, жалпы құны 37 млрд теңгені құрайтын 190 мың тонна АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз шығару ісі бойынша тергеу аяқталған.
ҚМА мәліметінше, «Түрксіб» станциясында заңсыз бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталған. Цистерналарда жалпы көлемі 500 тонна жанармай болған. Құны 138 млн теңгеге бағаланған өнім мемлекет кірісіне тәркіленді.
Агенттік жанармайдың заңсыз айналымына қарсы бақылау шаралары жалғасатынын мәлімдеді.