Төтенше жағдайлар министрі Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылысқа қатысты тергеудің алдын ала нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды
порталы.
Ведомство басшысы Шыңғыс Әріновтің айтуынша, оқиға технологиялық процестің бұзылуынан болуы мүмкін.
Еске салайық, мамыр айының басында кәсіпорын аумағында күшті жарылыс болып, салдарынан үш адам қаза тапқан еді. Тағы бірнеше жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген министрдің мәліметінше, тексеру барысында өндірістік қауіпсіздік талаптарына қатысты бірқатар кемшілік анықталған.
Атап айтқанда, кейбір техникалық құрылғылардың пайдалану мерзімін ұзарту бойынша қажетті сараптамалар жүргізілмеген, жобалық құжаттамадан ауытқуларға жол берілген, өндірістік бақылау жеткілікті деңгейде ұйымдастырылмаған және тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы ауыстыру мәселелері тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс технологиялық процестің бұзылуынан орын алған болуы мүмкін
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қорытынды нәтижелер шыққаннан кейін кәсіпорынға қатысты тиісті шешімдер қабылданады.