Энергетика министрлігі Маңғыстау және Атырау облыстарындағы автогаз нарығындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды
порталы.
Ведомство мәліметінше, екі өңірге де сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты жүргізіліп жатыр және бөлінген көлем аймақтардың ай сайынғы қажеттілігінен жоғары.
Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша айлық қажеттілік 18 мың тоннаны құрайды. Осыған байланысты маусым айына өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Сонымен қатар сұраныстың артуын ескере отырып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурстары есебінен қосымша 1,5 мың тонна газ қарастырылған. Министрлік бұл көлемдердің өңірдегі және транзиттік көліктердің қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті.
Атырау облысында есептік қажеттілік 9 мың тонна болса, маусым айында өңірге 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газы жеткізілген. Бұған Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде тұтынушыларды отынмен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында алдын ала қабылданған шаралар мүмкіндік берген. Нәтижесінде өңірге қажетті көлемнен 2,5 мың тоннадан астам қосымша газ бөлінді.
Сондай-ақ министрлік Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты автогаз жеткізуде қиындықтар туындады деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізбейді. Отандық тұтынушылар отынмен қалыпты жұмыс режимінде қамтамасыз етілуде
Ведомствоның мәліметінше, өңірлердегі жағдай тұрақты бақылауда және автогаз жеткізу жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.