Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы саналы түрде балалы болудан бас тартуды білдіретін чайлдфри қозғалысына қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Діни басқарманың мәліметінше, чайлдфри – ата-ана болудан әдейі бас тартуды өмір салты ретінде қабылдайтын көзқарас.
Мұндай ұстанымды жақтаушылар көбіне жеке еркіндік, мансаптық даму, материалдық шығындардан қашу және қосымша жауапкершілікті мойнына алмау секілді себептерді алға тартады.
Мүфтият мамандарының түсіндіруінше, исламда отбасы құру мен ұрпақ жалғастыру адам табиғатына сай құндылықтардың бірі саналады. Сондай-ақ неке институтының негізгі мақсаттарының бірі – адамзат ұрпағын сақтау және жалғастыру екені атап өтілді.
Пәтуада балалы болу ерлі-зайыптылардың ортақ құқығы екені көрсетілген. Сондықтан жұбайлардың бірі бала сүйгісі келсе, екінші тарап оған негізсіз кедергі жасамауы тиіс.
Сонымен қатар діни басқарма белгілі бір себептермен, мысалы денсаулықты қалпына келтіру немесе бала тәрбиесіне дайындалу мақсатында жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етілетінін мәлімдеді. Алайда мұндай шешім ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен қабылданып, денсаулыққа зиян келтірмеуі қажет.
Мүфтияттың ұстанымынша, жауапкершіліктен жалтару немесе тұрмыстық қиындықтардан қорқып бала сүюден әдейі бас тарту шариғат талаптарына сәйкес келмейді. Сондай-ақ ұрпақ өрбіту мүмкіндігін толықтай жоятын тәсілдер де исламда құпталмайтыны атап өтілді.