Қазақстанда ұстаздарды артық есеп пен қағазбастылықтан арылтуға бағытталған заң жобасы дайындалды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Құжатта мұғалімдердің жүктемесін азайтуға көмектесетін цифрлық шешімдер де қарастырылмақ.
Қазақстанда мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, оларды артық міндеттерден қорғауға арналған заң жобасы әзірленді. Қазір құжатты жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Депутаттардың айтуынша, білім беру саласы цифрландырылғанымен, мұғалімдердің күнделікті жұмысы айтарлықтай жеңілдеген жоқ. Бұрын қағазға толтырылатын есептердің көбі электронды форматқа ауысқанымен, есеп беру міндеттері азаймаған.
Осы мәселені шешу үшін арнайы заңнамалық өзгерістер ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасы әзірге үкіметке жолданбаған. Алдымен жүктемені азайтуға қатысты тиімді тәжірибелер зерттеліп, мектептердегі жұмыс жүйесі зерделенеді.
«Заң жобасын үкіметке жолдамас бұрын озық мектептердің тәжірибесін зерделеуді жөн көрдік. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайтуға көмектесетін цифрлық шешімдерді анықтағымыз келеді», – деді депутат.
Жиында цифрлық платформаларды пайдалану мәселесі де көтерілді. Шолпан Каринованың пікірінше, мұндай құралдар бір пәннен сабақ беретін мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Ұстаздар бірлесіп сабақ жоспарлап, оқыту нәтижелерін талдап, әдістемелерін жетілдіре алады.
Бұдан бөлек, балаларды волонтерлік жобаларға тарту және тәрбие жұмысының тиімділігін нақты көрсеткіштер арқылы бағалау мәселелері талқыланды.
Жиында айтылған ұсыныстар мен мектептердің тәжірибесі заң жобасын пысықтау кезінде ескеріледі. Құжат үкіметке жіберілгенге дейінгі жұмыс Құрылтай аясында жалғаспақ.