Ақтөбе облысында әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектесемін деп азаматтарды алдады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғындардың сеніміне кіріп, түрлі уәде беру арқылы олардың ақшасын иемденген.
Полицияның мәліметіне сәйкес, ол 51 жастағы әйелге баласының мүгедектік тобын III топтан II топқа ауыстырып беремін деп сендіріп, 400 мың теңге алған.
Сонымен қатар, тағы бір жағдайда мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған 27 жастағы тұрғынға тұрғын үй кезегін жылжытып, баспана алуға көмектесетінін айтып, 1 млн теңге алған. Алайда уәдесін орындамай, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған деген күдік бар.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды күмәнді қызметтерге сенбеуге және мемлекеттік қызметтерді тек заңды тәртіппен рәсімдеуге шақырды.