Алматы қаласының прокуратурасы «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Прокуратура мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің активтері заңсыз түрде жекешелендіріліп, кейін жеке компанияның иелігіне өткен.
Әңгіме Әуезов ауданында орналасқан, жер телімімен қоса берілген ғимарат туралы болып отыр.
Мемлекеттің мүліктік мүддесін қорғау мақсатында Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру туралы шарт пен кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа талап арыз берген.
Нәтижесінде кассациялық сот прокуратураның талабын толық қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылады.
Прокуратураның хабарлауынша, аталған актив бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның иелігінде болған.