Қазақстанда мыс концентратын ішкі нарықта қайта өңдеуге қатысты жаңа кезең басталуы мүмкін. KAZ Minerals Ақтоғайда құны 1,8 млрд доллар болатын мыс балқыту зауытының құрылысын бастады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс болады деп жоспарланған. Алғашқы өнім 2030 жылы шығуы тиіс.
Жобаның басталуымен бір күнде мыс концентратын қайта өңдеу тарифін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілгені жарияланды. Құжат инвестициялық шығындарды тарифті есептеу кезінде ескеруге мүмкіндік береді.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев осы екі оқиғаның қатар келуіне назар аударды. Оның пікірінше, жаңа экономикалық жағдайлар мыс өңдеу өндірісін дамытуға және салаға инвестиция тартуға ықпал етуі мүмкін.
Бұған дейін KAZ Minerals Қазақстанда жеке зауыт салу мәселесін бірнеше рет қайта қараған. 2017 жылы компания жобадан бас тартса, 2024 жылы құрылыс жоспарын қайта жариялады. Алғашқы бағасы 1,5 млрд доллар болған жоба қазір 1,8 млрд долларға дейін қымбаттады.
Компанияның бұрынғы шешімдеріне өндірістің экономикалық тиімділігі әсер еткен. 2018 жылы KAZ Minerals басшылығы Қазақстанда тағы бір мыс балқыту зауытын салудың қажеті жоқ деп мәлімдеп, концентратты Қытайдағы кәсіпорындарда өңдеуді таңдаған.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері қарастырылған. Зауыт ірі серпінді жобалар қатарына енгізілді. Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржыландыру мүмкіндігі де зерттеліп жатыр, бірақ несие беру туралы шешім әзірге расталған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда құрылыс басталған рәсімге қатысып, жобаның белгіленген мерзімде орындалуына назар аударды.
Зауыт іске қосылған жағдайда Қазақстанда катодты мыс өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл ретте жаңа әдістеменің тиімділігі мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі жобаның іске асу барысына қарай бағаланбақ.
Айбар Олжаевтың пайымдауынша, мыс өңдеу саласының дамуы тек шикізат өндірумен шектелмей, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді қалыптастыруға да жол ашуы керек.