Мазмұнға өту
qandastar.

Мысырға барған қазақстандық турист пирамидалар туралы күтпеген әсерімен бөлісті

Бақытжан Мұса · · 99 қаралым
Мысырға барған қазақстандық турист пирамидалар туралы күтпеген әсерімен бөлісті

Мысырға барған қазақстандық турист Арайгүл Қисан әлеуметтік желіде әйгілі пирамидалар туралы әсерімен бөлісіп, көпшіліктің назарын аударды. Оның айтуынша, әлемге танымал тарихи нысан шынайы өмірде суреттер мен жарнамалық роликтердегідей әсер қалдырмаған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengri Travel порталына сілтеп хабарлады.

Арайгүл достарымен бірге Шарм-эль-Шейхте демалып жүргенде Каирге экскурсия сатып алып, ежелгі Мысырдың басты көрнекіліктерінің бірі – Гиза пирамидаларын көруге барған. Туристер түнде автобуспен жолға шығып, алдымен музейді аралап, кейін пирамидаларға бет алған.

Саяхатшының сөзінше, пирамидалар аумағын жаяу аралау оңай болмағандықтан, олар қосымша ақы төлеп, ат арбамен жүрген. Сондай-ақ экскурсия барысында жергілікті тұрғындардың туристерге түрлі қызмет ұсынып, кейін ақы сұрайтынын байқаған.

Пирамидалар жанында түсірілген қысқа бейнероликті Арайгүл TikTok пен Instagram желілеріне әзіл ретінде жариялаған. Алайда көпшілік оны шынайы әсер ретінде қабылдап, видеоны кеңінен талқылаған.

Туристің айтуынша, алғашқы әсері күткендей болмаса да, пирамидалардың тарихы мен маңызын тереңірек білген соң, бұл сапарға кеткен қаражатқа өкінбеген. Оның пікірінше, мұндай тарихи орындардың құндылығы сыртқы көрінісінен гөрі, олардың артындағы мыңжылдық тарихында жатыр.

Айта кетейік, Мысыр билігі 2026 жылдан бастап туристер үшін кіру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізбек. Соның ішінде әуежайларда қағаз миграциялық карталарды қолдану тоқтатылады. Сонымен қатар елге кіріп-шығу кезінде қолма-қол ақша мен кейбір заттарды алып өтуге қатысты шектеулер сақталады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp