Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлытау облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Қазақмыс» компаниясының өндірістік және әлеуметтік жобаларымен танысты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сапарға өңір әкімі Дастан Рыспеков те қатысты.
Жұмыс барысында Жезқазған мыс балқыту зауытындағы жаңғырту жұмыстары, өндірістік жабдықтарды жаңарту және экологиялық жобалар таныстырылды.
Сонымен қатар жаңа күкірт қышқылы цехы мен газ-поршеньді электр станциясын салу жоспарлары қаралды. Бұл бастамалар өндірістің тиімділігін арттырып, кәсіпорынның энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.
Нұрлыбек Нәлібаев сондай-ақ Жезқазған байыту фабрикасында болып, өндірістік процестермен және минералдық шикізатты өңдеу сапасын жақсартуға арналған бағдарламалармен танысты.
Сапар аясында Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандырудың екінші кезеңі де таныстырылды. «Қазақмыс» пен облыс әкімдігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 3,4 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өндірісті жаңғырту, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту және әлеуметтік нысандарды дамыту компания қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Компания өңірдегі ең ірі инвесторлардың қатарында қалып отыр. Биыл Ұлытау облысында жалпы құны 30 млрд теңгеден асатын әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстық театрды жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, жағалау құрылысы, университет пен студенттер жатақханасын салу, сондай-ақ денсаулық сақтау және спорт нысандарын дамыту жобалары бар.