Мазмұнға өту
qandastar.

Непал мен Қытайдағы табиғи апат: екі қазақстандықтың тағдыры әзірге белгісіз

Малика Хамит 34 қаралым
Непал мен Қытайдағы табиғи апат: екі қазақстандықтың тағдыры әзірге белгісіз

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін қазақстандықтардың жағдайын бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұған дейін үш қазақстандық туристен хабар болмағаны хабарланған еді. Олардың екеуі Непалда, біреуі Қытайда болуы мүмкін деген ақпарат болған.

Кейін Непалда болуы мүмкін деп есептелген азаматтардың бірімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат болған аймаққа бармағаны анықталған. Қазір ол Қазақстанда.

Ал қалған екі қазақстандықтың қайда екені әзірге белгісіз. Олардың туыстары қажетті рәсімдерден өтіп, Непал мен Қытайдың құзыретті органдары жүргізіп жатқан сәйкестендіру жұмыстарына қажет биологиялық материалдарды, соның ішінде ДНҚ сараптамасына арналған үлгілерді тапсырды.

Непал билігінің мәліметінше, елдегі іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың кімге тиесілі екені анықталуда.

Ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қытай тарапы сондай-ақ қаза тапқандарды анықтау және генетикалық сараптама жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткен азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға қажетті қолдау көрсетіп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp