Қазақстанда мыс концентратын өңдеудің ішкі тарифін әлемдік нөлдік көрсеткішке ғана сүйеніп белгілеуге болмайды. Экономикалық шолушы Юрий Масановтың пікірінше, өңдеу ақысының құлдырауы зауыттардың шығыны жойылғанын білдірмейді, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Металлургия – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Бұл салада Treatment Charges, қысқаша TC деп аталатын көрсеткіш бар. Ол – металлургиялық шикізатты, мысалы, мыс немесе мырыш концентратын зауытта бастапқы өңдеу мен балқыту үшін алынатын ақы.
Масановтың айтуынша, Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін есептеу әдістемесіне қатысты талқылау негізінен 2 мәселеге тіреледі. Әлемдік TC нөлге жуықтаған кезде ішкі тариф металлургиялық кәсіпорынның шығынын ескеруі керек пе деген сауал туындап отыр. Сонымен бірге алтын, күміс, күкірт қышқылы мен басқа өнімдерден түсетін түсімді өңдеу ақысынан автоматты түрде шегеру ұсынысы талқылануда.
Шолушы бұл мәселелерді қарастырғанда қызметтің нарықтағы бағасы мен өндірістің нақты шығынын ажырату қажет деп есептейді.
Биыл әлемдік TC бағдары алғаш рет концентраттың 1 тоннасына $0 деңгейінде белгіленді, ал споттық мөлшерлемелер 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр. Соған қарамастан, мыстың өзінің нарықтағы бағасы жоғары деңгейде
Оның түсіндіруінше, зауыттардың концентратты өңдеу үшін ақысыз дерлік қабылдауға дайын болуы бұл жұмыстың арзандағанын көрсетпейді. TC ең алдымен қолжетімді концентрат көлемі мен балқыту қуаттарының арақатынасына тәуелді.
Қазір кәсіпорындар санына шаққанда концентрат жеткіліксіз. Сондықтан зауыттар өз қуаттарын жұмыспен қамту үшін шикізатқа таласып, өңдеу ақысын төмендетіп жатыр.
Бұл нарыққа әсіресе Қытай металлургиясының кеңеюі әсер еткен. Масанов келтірген Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттары өсімінің 90%-дан астамы Қытайға тиесілі. Ал 2025 жылға қарай елдің әлемдік қуаттардағы үлесі шамамен 50%-ға жеткен.
Бірақ TC тарифінің төмендеуі электр энергиясына, отынға, қызметкерлерге, жөндеуге, реагенттерге, экологиялық инфрақұрылымға және жаңғыртуға кететін шығындарды жойған жоқ. Өңдеу үшін алынатын нарықтық ақы нөлге түсті, бірақ өңдеудің өзіндік құны жоғалған жоқ. Сондықтан қазіргі әлемдік TC көрсеткішін Қазақстандағы өңдеу құнының ұзақмерзімді бағдары ретінде автоматты түрде қолдануға болмайды
Тарифті есептеудегі келесі мәселе концентраттан алынатын алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа өнімдерге қатысты. Зауыт оларды сатудан қосымша түсім алса, өңдеу ақысын сол сомаға азайту қисынды көрінуі мүмкін. Алайда Масанов түсім мен пайданың бөлек ұғымдар екенін еске салады.
Сатуға дайын өнім алу үшін қосымша технологиялық өңдеу кезеңдері, жабдық, энергия, реагенттер, қызметкерлер, экологиялық инфрақұрылым және инвестиция қажет. Түсімнің көлемі де тұрақты емес. Ол нақты концентраттың құрамына, оның ішіндегі компоненттерді бөліп алу коэффициенттеріне және нарықтағы бағаға байланысты.
Масановтың сөзінше, Халықаралық энергетика агенттігі де осы тәуелділікке назар аударады. TC іс жүзінде нөлге түскеннен кейін балқыту кәсіпорындары ілеспе өнімдерден түсетін кіріске көбірек сүйене бастаған. Бірақ мұндай кіріс құбылмалы.
Бұған қоса, мыстың өзін шикізаттан қаншалықты толық бөліп алуға болатыны маңызды. Шолушының айтуынша, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың кейбір технологиялары ескірген. Сондықтан олардың мысты бөліп алу көрсеткіштері ең заманауи өндірістерден төмен.
Қытайдың озық кәсіпорындарында мысты бөліп алу көрсеткіші шамамен 98–99%-ға жетуі мүмкін, ал біздің зауыттарда ол 95–96% шамасында. Бірнеше % айырмашылық аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ үлкен көлемді өңдегенде бұл өндірісті жаңғырту арқылы қосымша алуға болатын едәуір металл көлемін білдіреді
Осы себепті ол ілеспе өнімдерді сатудан түскен бүкіл түсімді TC тарифін азайтатын қаражат ретінде автоматты түрде есептеуді экономикалық тұрғыдан дұрыс емес деп санайды.
Мұндай тәсіл кәсіпорынға кері ынталандыру тудыруы мүмкін. Зауыт шикізаттағы компоненттерді неғұрлым толық бөліп алып, тереңірек өңдеген сайын, негізгі өңдеу жұмысы үшін алатын ақысы соғұрлым азаяды. Масановтың пікірінше, бұл терең өңдеуге инвестиция салуды ынталандырудың орнына шектеуі ықтимал.
Мәселе тек нақты TC мөлшеріне қатысты даумен шектелмейді. Қазіргі мыс балқыту кәсіпорындары аса маңызды өнеркәсіптік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып келеді.
Масанов сілтеме жасаған Халықаралық энергетика агенттігінің түсіндіруінше, мұндай зауыттар негізгі металды өндірумен қатар, бірқатар ілеспе маңызды материалды бөліп алады. Сондай-ақ өндіріс тізбегінің кейінгі буындарын қолдап, қайталама шикізатты өңдеуге арналған қуаттар қалыптастырады.
Сонымен бірге әлемдік мыс балқыту саласына экономикалық қысым күшейіп отыр. Мыс бағасы рекордтық деңгейге жеткен тұста өңдеу ақысы тарихи ең төменгі деңгейге түскен. Бұл жағдай жалғасса, көптеген тәуелсіз балқыту кәсіпорнына түсетін қысым артуы мүмкін.
Қазақстан үшін осыдан ұзақмерзімді мәселе туындайды. Ел металлургиясының экономикасы қазіргі жаһандық теңгерімсіздіктен қалыптасқан бағаға қаншалықты тәуелді болуы керек екенін анықтау қажет.
Әлемдік TC қолжетімді шикізат пен балқыту қуаттарының арақатынасын, зауыттардың жұмыс көлемі үшін бәсекесін және нарық қатысушыларының келіссөздегі ықпалын көрсетеді. Алайда ол өңдеуге жұмсалатын нақты шығынның өлшемі емес.
Сондықтан Масанов оны ішкі тариф әдістемесінің негізіне айналдыру Қазақстан металлургиясын елеулі өзгеруі мүмкін жаһандық нарық жағдайына байлап қоятынын айтады. Ал ілеспе өнімдерден түсетін кіріс өңдеу ақысының тікелей баламасы бола алмайды.
Меніңше, еліміздегі TC тарифін белгілеудің мақсаты – Қазақстанның ішкі нарығын әлемдік экономикадан оқшаулау немесе нақты бір кәсіпорынның табыстылығына кепілдік беру емес. Ол күрделірек міндетті шешуі керек. Кен өндіру бәсекеге қабілетті болып қалатын, ал ел ішіндегі өңдеу жұмыс істеуге, жаңғыртуға және жаңа қуаттарға инвестиция салуға экономикалық мүмкіндік алатын ашық ережелер қажет
Оның пікірінше, осы мақсатқа жету үшін тарифті есептеу әдістемесінің параметрлерін талқылау керек. Шығындар негізделген, инвестициялар ашық болуы қажет. Нарық қатысушылары да не үшін ақы төлейтінін түсінуге тиіс.
Бірақ өңдеу экономикасын бір ғана әлемдік көрсеткішпен алмастыруға болмайды. Тағы да қайталаймын, нөлдік TC концентрат пен балқыту қуаттарының қазіргі арақатынасын көрсетеді, бірақ өңдеу тегін болды дегенді білдірмейді
Шолушының пайымынша, Қазақстан мыс шикізатын өндірумен шектелмей, ел ішіндегі металлургияны және одан кейінгі өндірістік өңдеу кезеңдерін сақтағысы келсе, осы айырмашылықты ескеруі қажет. Бұл саланы әрі қарай дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін де маңызды.