Шымкентте қоғамды дүр сілкіндірген Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс соңғы кезеңге жетті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, басты күдіктіге жүргізілген сот-психиатриялық сараптама аяқталған.
Мамандар күдіктіні есі дұрыс деп таныды. Демек, ол енді заң алдында толық жауап береді. Қазіргі таңда тергеу амалдары аяқталуға жақын.
Айта кетейік, бұған дейін күдікті психикалық жағдайына байланысты мәжбүрлі емдеуде болған.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешке болған. Шымкенттегі көпқабатты үйлердің маңынан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың мәйіті табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесінде пышақ жарақаттары болған.
Екі күннен кейін күдікті қала маңында ұсталып, сот шешімімен қамауға алынған.
Бұл жағдай құқық қорғау органдарына да әсер етті: қызметтік тексерістен кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков, оның орынбасары және бірнеше қызметкер қызметінен босатылды.