Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Алайда марқұмның туыстары тергеу барысында жіберілген кемшіліктерге байланысты істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен отбасының адвокаты Аянхан Омаров іс материалдарымен танысқаннан кейін бірқатар заңбұзушылықтарды анықтағандарын айтты. Олардың мәліметінше, тергеу барысында ұсынылған бірнеше өтінішхат қараусыз қалған.
Осыған байланысты жәбірленуші тарап прокурорға жүгініп, істі қосымша тергеуге қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды сұраған. Алайда олардың шағымына әзірге ресми жауап берілмеген.
Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен адам өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр. Марқұмның туыстары іс сотқа жолданар алдында соңғы екі баптың айыптау тізімінен алынып тасталуы мүмкін деп алаңдайды. Адвокаттың пікірінше, бұл істің соттағы қаралуына әсер етуі ықтимал.
Сондай-ақ отбасы Бас прокуратураға жүгініп, істі ерекше бақылауға алуды және күдіктіге тағылған барлық айыптардың сақталуын сұрады.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Тергеу мәліметінше, күдікті бұған дейін қызды ұзақ уақыт аңдып, тіпті алып қашқан.
Кейін күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылғаны белгілі болды. Бұл жайт марқұмның туыстарының алаңдаушылығын күшейткен еді.
Алайда кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша айыпталушының есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.