Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады
Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болған. Тергеу барысында күдіктінің Нұрайды ұзақ уақыт аңдып, оны өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болғаны анықталған. Марқұмның денесінен пышақ жарақаттары табылған.
Үкім шыққаннан кейін Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасына арнап жүрекжарды жазба жариялады. Ол әділдікке жету үшін бар күшін салғанын айтып, қарындасын қорғай алмағанына өкініш білдірді.
Марқұмның туыстары бұған дейін де олардың басты мақсаты материалдық өтемақы емес, кінәлі адамның заң алдында ең қатаң жазаға тартылуы екенін айтқан болатын. Отбасы сегіз ай бойы істің әділ қаралуы үшін дәлелдер жинап, сот процесінің соңына дейін күрескен.