«Нұрқазған» кенішінде жер астындағы жұмысшыларды техникадан қорғауға арналған жаңа қауіпсіздік жүйесінің тәжірибелік-өнеркәсіптік сынағы аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Нәтижесінде жабдық өз тиімділігін, дәлдігін және тұрақты жұмысын растады.
Шахтада өздігінен жүретін техниканы пайдалану әрдайым жоғары тәуекелмен байланысты. Көріну аумағының шектеулі болуы, тар өткелдер мен қиылыстар, сондай-ақ адам факторы қауіпсіздікке қосымша бақылау құралдарын қажет етеді. Осыған байланысты енгізілген жаңа жүйе ықтимал апаттардың алдын алуға көмектеседі.
Жүйе борттық дисплейден және техника айналасындағы кеңістікті бақылайтын антенналардан тұрады. Дисплейде сегіз бағыт және үш қауіп деңгейі көрсетіледі: жасыл, сары және қызыл.
Жасыл аймақ қауіпсіз арақашықтықты білдірсе, сары түс жақындап қалған нысан туралы ескертеді. Ал қызыл аймақ қауіпті жақындасу болғанын көрсетеді. Мұндай белгі операторға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Технологияның басты ерекшелігі — UHF жиілігі арқылы нысандарды 15 метрге дейін анықтай алуы. Тіпті бұрылыстарда немесе көріну нашар жерлерде де жүйе техника мен арнайы тегтері бар жұмыскерлерді таниды.
Бір жарым айдан астам уақытқа созылған сынақ барысында жүйе себепсіз іске қосылмай, жоғары дәлдікпен жұмыс істеген. Бұл оны өндірісте кеңінен қолдануға болатынын көрсетті.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай цифрлық шешімдер өндірістік қауіпсіздікті арттырып, тәуекелдерді азайтуға және қызметкерлерге заманауи еңбек жағдайын жасауға бағытталған.