Қазақстандық ауыр атлет Нұржан Жұмабай Колумбияның Кали қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Отандасымыз 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қоссайыс нәтижесі бойынша 348 келіні (155+193) бағындырды. Сонымен қатар ол серпе көтеру жаттығуында жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты.
Күміс жүлдені Испания өкілі Эрик Гуадамуд 344 келі (156+188) нәтижесімен иеленсе, қола медаль Мексика спортшысы Хосе Мантильяға бұйырды. Ол қоссайыста 335 келіні (151+184) көтерді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы жастар арасындағы Азия чемпионатында алтыншы орын алған болатын.